«Жасанды интеллект және бала: жаңа мүмкіндіктер әлемі» жас ата-аналармен жүргізілген семинар-практикум
19.10.2026
«Жасанды интеллект және бала: жаңа мүмкіндіктер әлемі»
«Заң мен Тәртіп» идеологиясын ілгерілету бойынша 2026 жылға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес ата-аналармен цифрлық ортадағы мінез-құлық ережелері және қазіргі заманғы қауіп-қатерлер туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Кездесу барысында «Кіші жастан бастап киберқауіпсіздік» және «Гаджеттер мен балалар» тақырыптары қозғалды. Жас ата-аналармен осы тақырыпта танымдық-практикалық кездесу өтті. Кездесуді педагог-психолог жүргізіп, оған 7 жас ана қатысты.
Кездесудің мақсаты — ата-аналарды балалардың дамуы мен тәрбиесінде қолдануға болатын заманауи цифрлық құралдармен таныстыру, оларды пайдалы әрі қауіпсіз пайдаланудың жолдарын көрсету. Қатысушылар жасанды интеллекттің балаға арналған танымдық материалдар әзірлеуде, шығармашылық тапсырмалар ұсынуда және оқу үдерісін қызықты ұйымдастыруда қолданылу мүмкіндіктерін талқылады.
Практикалық бөлімде цифрлық құралдар арт-терапия, музыка терапиясы және ертегі терапиясы тәсілдерімен ұштастырылды. Жас аналар құм салынған арнайы тақтада саусақпен сурет салып, түрлі сызықтар мен пішіндер арқылы өз ойларын бейнеледі. Қатысушылар жүрек, гүл, өрнек, таңба және геометриялық пішіндер салу арқылы шығармашылық тапсырмаларды орындады.
Арт-терапия элементтері ретінде аналар түрлі-түсті қарындаштармен ана мен бала, отбасы және күнделікті өмір көріністері бейнеленген суреттерді бояды. Олар суретке түс таңдап, жұмыстарын таныстырды. Бұл тапсырмалар шығармашылықты дамытуға және балаға сурет арқылы өз ойын білдіруге мүмкіндік беретін тәсілдерді көрсетуге бағытталды.
Музыка терапиясы барысында экраннан табиғат көріністері көрсетіліп, әуендер тыңдалды. Педагог-психолог музыканы баланың көңіл күйіне назар аудару, тыныш орта қалыптастыру және бірге жағымды уақыт өткізу үшін қолдану жолдарын түсіндірді. Ертегі терапиясы кезінде цифрлық материалдар арқылы оқиға желісін талқылау, кейіпкерлердің әрекеттері туралы сұрақ қою және ертегіні баланың күнделікті өмірімен байланыстыру тәсілдері ұсынылды.
Кездесуде QR-код арқылы ашылатын материалдар мен экрандағы көрнекі ресурстар пайдаланылды. Сонымен қатар цифрлық мазмұнды таңдағанда оның бала жасына сай, қауіпсіз болуына және гаджет қолдану уақытын бақылауға мән беру қажеттігі айтылды. Ата-аналарға баламен бірге цифрлық материалдарды қарап, мазмұнын талқылау және гаджетті пайдалы мақсатта қолдану жөнінде ұсыныстар берілді.
Кездесу соңында қатысушылар өз әсерлерімен бөлісіп, құммен сурет салу, бояу, музыка тыңдау және ертегі құрастыру тәсілдерін үй жағдайында балаларымен бірге қолдануға болатынын атап өтті. Семинар ата-аналардың цифрлық құралдарды қауіпсіз әрі саналы пайдалану туралы түсінігін кеңейтіп, бала дамуын қолдайтын шығармашылық әдістермен танысуға мүмкіндік берді.