Облыстық вебинарда «Қошақан» бөбекжайының педагогтері үздік тәжірибелерімен бөлісті

30.10.2026

Облыстық вебинарда «Қошақан» бөбекжайының педагогтері үздік тәжірибелерімен бөлісті

2026 жылғы 29 қазанда Ақмола облысы білім басқармасының әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудағы заманауи әдіс-тәсілдер: тәжірибе, ізденіс, жаңашылдық» тақырыбында облыстық онлайн вебинар өтті.

Вебинардың негізгі мақсаты – құзырет орталықтарының тиімді жұмыс тәжірибесін тарату, дамытушы білім беру ортасын құрудың заманауи тәсілдерін таныстыру және педагогтердің кәсіби дамуына қолдау көрсету. 

Ақмол ауылының "Жұлдыз" балабақшасының өсу нүктелері бойынша тәжірибе алмасу өтті. Аталған балабақша әкімшілігінің қолдауымен педагогтерімізге облыс деңгейінде өз тәжірибелерімен бөлісуге мүмкіндік берілді. Аталған облыстық кәсіби алаңда Қажымұқан ауылының «Қошақан» бөбекжайының үш педагогі өздерінің іс-тәжірибелерімен бөлісіп, мектепке дейінгі білім беру саласындағы жаңашыл бағыттарды әріптестер назарына ұсынды.

Алғашқы болып педагог-психолог Бегалиева Ұлжалғас Мұхамедқасымовна «Жасанды интеллект және бала: жаңа мүмкіндіктер әлемі» тақырыбында практикалық зертханасын ұсынды. «ЖИ педагогке көмекші: идеядан тәжірибеге дейін» бағыты бойынша жасанды интеллект құралдарын педагогикалық жұмыста тиімді пайдалану мүмкіндіктерін көрсетті. Өз тәжірибесінде жасанды интеллектінің педагогке әдістемелік материалдар әзірлеуде, шығармашылық идеяларды жүзеге асыруда және білім беру үдерісін жаңаша ұйымдастыруда көмекші бола алатынын таныстырды.

Келесі кезекте тәрбиеші Өсер Гүлжанар Берікқызы «Ойын арқылы оқыту: Educaplay платформасының мүмкіндіктері» тақырыбында цифрлық практикум өткізді. Педагог Educaplay платформасының мүмкіндіктерін таныстырып, интерактивті ойындар арқылы балалардың танымдық қызығушылығын арттыру, оқу әрекетін қызықты әрі тартымды ұйымдастыру жолдарын көрсетті. Цифрлық ресурстарды тиімді қолдану арқылы балалардың белсенділігін арттыруға бағытталған практикалық тәсілдерімен бөлісті.

Үшінші болып тәрбиеші Кадирова Гүлзат Калихановна «Ертегі кейіпкерлері – балалар сахнасында» тақырыбында педагогикалық іс-тәжірибесін ортаға салды. Ол ертегі кейіпкерлерін сахналау арқылы балалардың шығармашылық қабілетін, қиялын, байланыстырып сөйлеуін және өз ойын еркін жеткізу дағдыларын дамыту жолдарын көрсетті. Театрландырылған әрекеттің тәрбиелік және дамытушылық мүмкіндіктеріне тоқталып, ертегі әлемі арқылы баланың жан-жақты дамуына ықпал ететін әдіс-тәсілдерімен таныстырды.

Үш педагогтің де тәжірибелік жұмыстары мектепке дейінгі білім беру үдерісінде заманауи технологияларды, ойын әдістерін және шығармашылық бағыттарды ұштастырудың маңызын көрсетті. Әр тақырыптың өзіндік ерекшелігі болғанымен, барлығының ортақ мақсаты – баланың қызығушылығын оятып, қабілетін дамытуға бағытталған тиімді педагогикалық ортаны қалыптастыру.

Осындай облыстық кәсіби алаңдар педагогтер арасында тәжірибе алмасуға, жаңа идеялармен бөлісуге, тың әдіс-тәсілдерді меңгеруге және кәсіби шеберлікті жетілдіруге мүмкіндік береді.

«Қошақан» бөбекжайының педагогтері үшін бұл вебинар – өз тәжірибелерін облыстық деңгейде таныстырып қана қоймай, кәсіби ізденістерін шыңдауға, заманауи білім беру бағытындағы жұмыстарын жетілдіруге жасалған маңызды қадам.

Тәжірибе бөлісу – кәсіби дамудың бастауы, ал жаңашылдық – сапалы білім мен саналы тәрбиенің кепілі!

Просмотров: 13


Пікір қосу



Деректерді қолтаңбаға қосу
Текст